July 14, 2026

Руслан Мұқанов inVision U-дағы Creative Engineering командасына қосылды

Біздің оқытушылар
Пайдалы ақпарат

inVision U университетінің Creative Engineering бағдарламасына жаңа оқытушы қосылды. Руслан Мұқанов – өндірістік тәжірибесі бар инженер-механик, машина жасау саласының PhD докторы. Ол өндірісте де, ғылыми ортада да жұмыс істеген. Біз Русланмен инженер мамандығының ерекшелігі, инженерлік ойлау мәдениеті және болашақ инженерлер қандай болуы керек екені туралы әңгімелестік.

Инженер болуға не әсер етті?

Руслан Мұқанов С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Автомобиль және трактор жасау» мамандығын тәмамдаған. Кейін «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» бағыты бойынша магистр дәрежесін алып, машина жасау саласындағы PhD ғылыми дәрежесін Satbayev University университетінде қорғады. Бүгінде бұл оқу орны inVision U-дың академиялық серіктесі болып табылады.

Русланның айтуынша, инженер мамандығын таңдауға туған қаласы үлкен әсер еткен

«Мен өндірісі дамыған Павлодар қаласында өстім. Сол кезде қаладағы трактор зауыты жұмыс істеп, әйгілі ДТ-75М "Қазақстан" тракторларын шығаратын. Бала күнімде сол техниканы күнде көріп, тіпті мініп те көрдім. Сондықтан техника маған ешқашан бөтен дүние болған емес.».

Дегенмен инженерлік жолды таңдауға нақты түрткі болған сәт – өндірістік тәжірибе.

«Зауыттың тәжірибелік өндіріс цехында жүргенде инженердің жұмысы тек сызба жасап немесе дайын құжатпен жұмыс істеуден тұрмайтынын түсіндім. Нағыз инженер үнемі жаңа шешім іздейді, түрлі идеяларды сынайды, қателеседі, қайта жетілдіреді. Инженерия – үздіксіз ізденіс.».

Инженерия – шығармашылықтың бір түрі

Руслан Мұқанов инженер мамандығын шығармашылықпен тығыз байланыстырады.

«Мен студенттерге әрдайым инженерия – шығармашылықтың бір түрі екенін айтамын. Өйткені шығармашылық жаңа дүние жасаудан басталады. Ал инженер жаңа құрылғыларды, технологияларды және адамдардың өмірін жақсартатын шешімдерді ойлап табады. Бірақ кез келген идеяның құндылығы оның іске асуында.».

Оның пікірінше, жақсы идея ұсыну – жұмыстың басы ғана.

«Нағыз инженерлік жұмыс кейін басталады. Материалды дұрыс таңдау керек, есептеу жүргізу қажет, өндіріс технологиясын жоспарлау керек, прототип жасап, оны сынақтан өткізу керек. Инженердің міндеті – идеяны адамдар пайдалана алатын нақты өнімге айналдыру».

Осы ойды жақсы көрсететін мысалдардың бірі – кинетикалық мүсіндер.

Руслан бұл бағытқа ерекше қызығушылық танытады. Мұнда өнер мен инженерия қатар жүреді: суретші шығарманың идеясын жасаса, инженер қозғалыс механизмін жобалап, оның сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

«Дәл осындай жобаларда шығармашылық пен инженерлік ойлау бір-бірін толықтырады. Соның нәтижесінде жаңа технологиялық шешімдер дүниеге келеді», – дейді ол.

Неліктен Creative Engineering?

Руслан Мұқанов Satbayev University жанындағы FabLab цифрлық өндіріс зертханасында жұмыс істейді. Бұл зертхана 3D-принтерлермен, CNC станоктарымен, электроникамен және прототип жасауға арналған заманауи жабдықтармен жабдықталған.

Мұнда студенттер инженерлік жобаның барлық кезеңінен өтеді: алғашқы идеядан бастап цифрлық модель әзірлеуге, прототип дайындауға және оны сынақтан өткізуге дейін.

Сондықтан Creative Engineering бағдарламасының философиясы Русланға бірден жақын болды.

«Мені ең алдымен инженерияның жеке пәндер жиынтығы ретінде емес, жаңа өнімді жасауға бағытталған біртұтас үдеріс ретінде қарастырылатыны қызықтырды. Студент идеядан бастап дизайнды әзірлейді, инженерлік есептеулер жүргізеді, CAD/CAM технологияларын меңгереді, бөлшектерді дайындайды, электроникамен, IoT жүйелерімен, микроконтроллерлермен және робототехникамен жұмыс істейді. Бұл тәсіл FabLab-та қалыптастырған жұмыс моделіне өте ұқсас.»

Русланның айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты – тек дайын нұсқаулықпен жұмыс істейтін инженерді емес, жаңа идеяларды өмірге әкелетін маманды тәрбиелеу.

«Біз жаңа дүниелерді жасай алатын инженерлерді дайындағымыз келеді. Олар мәселені көріп, оған шешім ұсына алады, прототип жасап, оны толыққанды жұмыс істейтін өнімге дейін жеткізеді. Мұндай мамандар ірі компанияларда жұмыс істей алады, жеке стартап аша алады немесе ғылыми зерттеулермен айналыса алады. Ең бастысы – олар дайын технологияларды пайдаланумен ғана шектелмей, жаңасын жасай алады.»

Бүгінде дәл осындай инженерлерге сұраныс жоғары. Олар дайын шешімдерді қолдану жеткіліксіз болатын салаларда еңбек етеді: жоғары технологиялық өндіріс, энергетика, робототехника, экологиялық және агротехнологиялар, қалалық инфрақұрылым және механика, электроника, бағдарламалау мен дизайнды бір жүйеге біріктіруді талап ететін басқа да бағыттарда.

inVision U-дағы оқу

Creative Engineering - inVision U қсынатын бес бакалавриат бағдарламасының бірі. Алматы қаласында орналасқан бұл жаңа буын университеті inDrive компаниясының негізін қалаушы әрі CEO-сы Арсен Томскийдің қолдауымен құрылған.

Оқу толықтай ағылшын тілінде өтеді және қайтарымсыз толық грант арқылы қаржыландырылады. Бұл студенттердің оқу ақысын төлемейтінін және оқу аяқталғаннан кейін міндетті жұмыс өтеу талап етілмейтінін білдіреді.

Түлектер мемлекеттік үлгідегі дипломға ие болады. Ал университетке түсу үшін академиялық дайындығын немесе ағылшын тілін күшейту қажет талапкерлерге Foundation Year дайындық бағдарламасы ұсынылады.

Бағдарламада сабақ беретін оқытушылар – өндірісте, ғылыми зертханаларда және инженерлік жобаларда тәжірибесі бар зерттеушілер мен практик мамандар.

Олар студенттерге кәсіби инженердің күнделікті жұмыс жолын үйретеді: алғашқы идеядан бастап эскиз жасауға, инженерлік есептеулер жүргізуге, прототип әзірлеуге, сынақтан өткізуге және дайын өнімді шығаруға дейін.

Creative Engineering бағдарламасы және оқуға түсу талаптары туралы толық ақпаратты осы жерден таба аласыз.

Көптеген пайдалы мағлұматтарды блогымыздан біле аласыздар

Қатысты мақалалар

Пайдалы ақпарат
July 3, 2026
min

Неліктен дәстүрлі білім беру енді мансапқа кепіл болмайды?

Оқы
Пайдалы ақпарат
July 2, 2026
min

inVision U мен GOROZHANYM ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Оқы
Пайдалы ақпарат
June 23, 2026
min

Университет өміріңді қалай өзгерте алады? Төрт жыл ішінде не қалыптасады?

Оқы