May 18, 2026

inVision U-дағы қонақ дәрісі: Серік Бейсембаев және PaperLab социология туралы

Оқиғалар
Пайдалы ақпарат
«Әлеуметтану – дайын жауаптардың болуы емес, дұрыс сұрақтар қоя білу».

Қоғамды жай ғана сипаттайтын әлеуметтанушылар бар. Сондай-ақ, оны іштен — боямасыз және ыңғайлы қорытындыларсыз түсінуге тырысатындар да бар. Серік Бейсембаев — «PaperLab» тәуелсіз зерттеу орталығының директоры, 15 жылдан астам тәжірибесі бар әлеуметтанушы, «Qogammetrika» телеграм-арнасының авторы және Қазақстанда қоғамды зерттеуді жүйелі, тәуелсіз жұмысқа айналдыра білген санаулы мамандардың бірі.

Бәрі неден басталды?

Серік Жамбыл облысы, Меркі ауылында өсті. Ауыл баласынан бастап, жұмыстарынан Carnegie Endowment және жетекші қазақстандық медиалар дәйексөз келтіретін зерттеу орталығының директорлығына дейінгі жол — кездейсоқтық немесе сәттілік емес. Бұл қарапайым жауаптары жоқ сұрақтардың пайдасына жасалған жүйелі таңдаудың нәтижесі.

Ол Джордж Вашингтон университетінде тағылымдамадан өтіп, Қазақстандағы діни экстремизмнің себептерін зерттеді, елдің жетекші аналитикалық құрылымдарында жұмыс істеді. Бірақ уақыт өте келе жүйенің ішінде жұмыс істеу мен жүйе туралы шындықты айту — әрдайым бір нәрсе емес екенін түсінді. Осылайша, 2017 жылы алдымен зерттеушілер ұжымы ретінде, кейіннен толыққанды тәуелсіз орталық ретінде PaperLab пайда болды.

«Мәселені жай ғана тіркеп қою маңызды емес, онымен не істеу керектігін ұсыну маңызды» — бұл ұстаным орталықтың іргетасына айналды.

Тәуелсіз зерттеу орталығы қалай жұмыс істейді?

PaperLab – Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның жас ғалымдары бас қосып, талқылаулар өткізетін және практикалық маңызы бар білім қалыптастыратын кеңістік.

Жұмыс мультидисциплинарлық тәсілге негізделген: экономистер, әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар бір процестерді әртүрлі қырынан талдайды. Мұнда сандық әдістер де (сауалнамалар, статистикалық талдау), сапалық әдістер де (терең сұхбаттар, фокус-топтар, құжаттарды талдау) қолданылады. Бірақ ең бастысы әдіс емес, деректер алдындағы адалдық.

Орталық сонымен қатар зерттеу ортасын дамытумен айналысады: тренингтер өткізеді, сарапшылық пікірталастар ұйымдастырады, жаңадан бастаған талдаушылар үшін тағылымдама бағдарламаларын іске қосады. Идея қарапайым: Қазақстанға тек жақсы шенеуніктер мен жақсы журналистер ғана керек емес. Елге дұрыс сұрақтар қоя білетін және олардың жауаптарын дәлелдерге сүйене отырып іздейтін адамдар қажет.

Тәуелсіздік – тек қаржыландыру мәселесі емес. Бұл — позиция.

Орталық Азиядағы тәуелсіз think tank-тердің (талдау орталықтарының) жұмыс кеңістігі тарылып бара жатқан жағдайда, PaperLab гендерлік теңсіздіктен бастап саяси реформаларға дейінгі құрылымдық мәселелерді ашық айтатын санаулы орталықтардың бірі болып қалып отыр.

Бұл ретте Серік батыс үлгілерін көшіре салу жеткіліксіз екенін ерекше атап өтеді. Халықаралық әдістемелерді тілді, мәдениетті және әлеуметтік контексті ескере отырып, қазақстандық шынайылыққа бейімдеу қажет. Оның пайымдауынша, кәсібилікпен және демократия мен адам құқықтары құндылықтарына адалдықпен ұштасқан дәл осы жергілікті (локалды) тәсіл ғана нақты қоғамдық өзгерістерге негіз болады.

Осы жұмыстың соны нәтижелерінің бірі – PaperLab тарихында тұңғыш рет public policy (мемлекеттік саясат) бағыты бойынша қазақ тілінде өткен зерттеу тағылымдамасы. Бірнеше ай бойы үш жас зерттеуші арнайы тренингтен өтіп, толыққанды далалық зерттеулер жүргізді және өзекті қоғамдық тақырыптар бойынша талдау материалдарын дайындады.

  • Мәдина Қанатқызы жұмыс орнындағы сексуалды харассмент (қиянат жасау) мәселесін зерттеп, заңгер ретінде оның құқықтық негіздерін ашты және нақты заңнамалық өзгерістер ұсынды.

  • Әсем Базарбек «Жастар практикасы» бағдарламасын қолға алды: сырттай жағымды көрінген сипаттың артындағы құрылымдық кемшіліктерді анықтап, оларды жою жолдарын ұсынды.

  • Ұлжан Наурызбай деколонизация саясатын Қарлаг мұражайы призмасы арқылы зерттеп, мұражайлар тек жәдігерлер қоймасы емес, қоғамдық сананы қалыптастыратын әлеуметтік агенттер болуы керектігін көрсетті.

Үш зерттеу де Астанада Research Cafe форматында таныстырылды – бұл авторлардың аудиториямен тікелей жүздесетін ашық пікірталас алаңы. PaperLab зерттеу миссиясын дәл осылай түсінеді: үстел тартпасында қалатын есеп емес, қоғаммен тірі диалог орнату.

Әлеуметтанушы мамандығының нәзік тұстары

inVisionU-да өткен қонақ дәрісінде Серік көпшілік ортада сирек айтылатын жайтты атап өтті: әлеуметтану – дайын жауаптардың болуы емес, дұрыс сұрақтар қоя білу.

Зерттеуші үшін ең басты тұзақ — далалық жұмысқа дайын қорытындымен келіп, оған тек дәлел іздеу. Нағыз әлеуметтану басқаша жұмыс істейді: алдымен деректер, содан кейін интерпретация (түсіндіру). Сонымен қатар, деректер жиі тапсырыс берушіге де, зерттеушінің өзіне дә естуге қолайсыз шындықты көрсетіп жатады.

Серік сауалнамалық әлеуметтану мен қоғамдық пікірді зерттеуге маманданған. Оның жұмыстары қазақстандықтардың саяси өзгерістерді қалай қабылдайтынына, институттарға деген сенімнің қалай қалыптасатынына (немесе қалыптаспайтынына), посткеңестік қоғамдағы ұлттық бірегейліктің сипатына қатысты.

Ол атап өткен тағы бір маңызды дағды — зерттеуді тек ғалым әріптестеріне ғана емес, шенеуніктерге, журналистерге және қарапайым азаматтарға да түсінікті тілге аудара білу. Тек академия ішінде қалып қойған білім шынайы өмірді өзгертпейді.

Қоғамды зерттегісі келетіндерге жолдау

Серік бұл туралы артық патетикасыз (салтанаттылықсыз) айтады. Қазақстанға зерттеушілер керек: есепті әдемі рәсімдей алатындар емес, тәуелсіз ойлай алатындар қажет. Деректердің гипотезаны теріске шығарғанын мойындауға дайын жандар керек. Ыңғайсыз шындықты айтудан қорықпайтындар қажет.

«Мен біздің PaperLab-тағы командамызды мақтан тұтамын», — дейді ол, — «Бізде біртіндеп жас ғалымдардан тұратын кәсіби зерттеу ортасы қалыптасып келеді. Осылайша, бірге ғылымымызға елеулі үлес қосамыз деп ойлаймын».

Біздің блогымызда көбірек пайдалы ақпарат оқыңыз

Қатысты мақалалар

Пайдалы ақпарат
May 22, 2026
min

Өтінім қабылдаудың аяқталуына 7 күн қалды. Есте сақтайтын маңызды ақпарат

Оқы
May 20, 2026
min

Инновациялар мен көшбасшылық социологиясы: inVision U-дағы бакалавриат бағдарламасы не береді?

Оқы
Пайдалы ақпарат
May 19, 2026
min

InVision U-да Foundation Year бағдарламасының алғашқы түлектер шығарылымы өтеді

Оқы